Қазақстандықтар киберспортта да чемпион атануда
Үш қазақстандық Абай «Hobbit» Хасенов, Дәурен «Adren» Қыстаубаев және Рүстем «Mou» Тілепов өнер көрсететін «Gambit Esports» командасы Краков (Польша) қаласында өткен киберспорт турнирінде жеңімпаз атанды.
«Gambit Esports» командасы Counter-Strike: Global Offensive ойынынан «PGL Major Krakow 2017» турнирінің финалында бразилиялық «Immortals» ұжымын 2:1 (4:16 @ de_cobblestone; 16;11 @ de_train; 16:10 @ de_inferno) есебімен жеңді. Бұнымен қоса, қазақстандық Дәурен «Adren» Қыстаубаев турнирдің үздік ойыншысы атанды.
Бұл команда чемпион титулын жеңіп алып, 500 мың доллар көлеміндегі бас жүлдені алды. Бразилиялық ұжым өз кезегінде екінші орын алып, 150 мың долларға ие болды.
Отандастарымыздан басқа команда құрамында екі ойыншы бар, олар Ресей және Украина азаматтары. Киберспорттық ұжымды ресейлік Рустам «TSaGa» Цаголов жаттықтырады.
«PGL Major Krakow 2017» турнирі Польшаның Краков қаласында 16-23 шілде аралығында өтті. Турнирдің жүлде қоры - 1 миллион доллар.