Нұрәлі Әлиев ҚР Альпинизм және спорттық құзға шығу федерациясын басқарады
Алматыда Қазақстан Республикасы Альпинизм және спорттық құзға шығу федерациясының кезекті конференциясы өтті. Онда конфедерация шешімімен Нұрәлі Әлиев федерация президенті болып сайланды. Сонымен қатар жиында федерация президиумының жаңа құрамы да белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында федерация президиумының жаңа құрамы бекітілді. Атап айтқанда, федерация қамқоршылық кеңесінің төрағасы Б. Имашев, вице-президент, бас хатшы К. Валиев, бірінші вице-президент Б. Жүніс, вице-президенттер С. Ысқақова, С. Беляков және В. Селиванов болды.
Конференция барысында федерацияның жаңа құрамы 2017-2020 жылдарға арналған спорттық құзға шығу және альпинизмді дамыту жоспарын қабылдады. Айта кетерлігі, Федерация Қазақстанда тау туризмін дамытуға арналған International Mountain Sports Festival халықаралық фестивалінің аясында жаппай Жастар шыңына шығу шарасын ұйымдастырған болатын. 4 147 метр биіктікті 230-ға жуық альпинист бағындырды. Олардың ішінде кәсіби альпинистер, спорттық қозғалыс басшылары, спорт ардагерлері мен қарапайым әуесқойлар бар.
«Федерация бес жыл бойы жылына 3-4 рет жаппай тау шыңына шығу шарасын өткізеді. Соның арқасында қазақстандықтарды альпинизмге тартуда өсімнің оң серпіні байқалады», - деп атап өтті федерация вице-президенті Артем Скопин.