Астанада спорт журналистикасы мен маркетингі жайлы семинар өтеді
23-24-сәуір аралығында «Қазмедиа Орталығы» медиа-мектебінде «Спортты ұйымдастырудағы маркетинг пен байланыс. Спорт журналисткасындағы жаңа трендтер» атты PR және спорт маркетингі жайында семинар өтеді.
Семинар отандық спорт журналистерін қолдау мен жетілдіру, баспасөз қызметтері, спорт федерациялары мен ұйымдардың жұмыстарын жақсарту мақсатында ұйымдастырылады.
Аталмыш семинарда ресейлік беделді спорт журналистері мен комментаторлары шеберлік-сабағын өткізеді.
«Қазіргі таңда олимпиадалық спорт түрлерінің көбінде баспасөз қызметі мен маркетинг мамандары жоқ. Аталған мамандардың командада болуы қаншалықты маңызды екенін түсіндіргіміз келеді. Ең бастысы, біз спорт журналистикасына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасамыз. Бұл шара журналистер арасында қызығушылық тудырса, дәстүрге айналдырамыз», - дейді Қазақстан ҰОК өкілі Жігер Азбергенов.
Астанада белгілі журналист, суға секіруден Олимпиада чемпионы Елена Вайцеховская, спорт журналисі және комментатор, бокс сарапшысы Александр Беленький, «Спорт-Экспресс» газетінің шолушысы, спорт жайлы 19 кітаптың авторы, «Александр Шмурнов пен Игорь Рабинер спорт журналистикасы мектебінің» жетекшісі және мұғалімі Игорь Рабинер, тележүргізуші, «Первый канал» арнасының спорт комментаторы Виктор Гусев, ресейлік тележүргізуші, спорт комментаторы мен тілші Александр Кузмак, комментатор, екі дүркін Олимпиада чемпионы (1984, 1988) Дмитрий Васильев, ресейлік спорт функционері, журналист, тележүргізуші, спорт комментаторы, Ресей Олимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Константин Выборнов және оның әріптесі, РОК коммерция және маркетинг бөлімінің басқарушысы Дмитрий Маневич сынды мамандар тәжірибесімен бөліседі.
Конференция «Қазмедиа Орталығы» медиа-мектебі, «Atameken Business Channel» ақпараттық серіктес және «Qazsport» телеарнасының қолдауымен өткізіледі.
olympic.kz