Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті
Орал қаласында ерлер арасында Қазақстанның тоғызқұмалақтан командалық чемпионаты мәреге жетті.
Бес күнге созылған жарысқа еліміздің сегіз облысынан командалар құрамында елуден астам спортшы қатысып, бақ сынады. Олардың арасында талай додада оза шауып, бәйге алған 1 ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 11 спорт шебері болды.
Ақыл-ой додасының қорытындысында жалпыкомандалық есепте Павлодар облысының тоғызқұмалақ шеберлері бірінші орынды жеңіп алды. Қызылордалықтар екінші, оңтүстікқазақстандықтар үшінші орынға көтерілді.
Жарыстың жабылу рәсімінде тоғызқұмалақтан ҚР бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева мен БҚО тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры, БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов жеңімпаз-жүлдегерлерге диплом, кубоктар табыс етті.
Жарыстың бас төрешісі Д.Әбдікәрімовтің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық спорт түрін қолдау мақсатында ұйымдастырылған жарыста бәсекелестік жоғары болды. Бір атап өтетін жайт, чемпион атанған тоғызқұмалақшылар спорт шебері атағына ие болады.