Алматыда Қазақстан ұлттық құрамасын Индонезияда өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті
Бүгін Алматыда Қазақстан ұлттық құрамасын Индонезияда өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімге Азиада алдындағы соңғы жаттығу жиындарын Алматыда өткізген спорттық гимнастика, садақ ату, нысана көздеу, стенд ату, еркін күрес, спорттық құзға өрмелеу, су добы және волейбол командалары қатысты.
Жазғы Азия ойындары 18 тамыз күні басталады. Аталған ойындарға Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 440 спортшы қатысады, оның ішіндегі 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды.
Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындарында жалпы есебі 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынады, оның ішінде 363 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін таппақ. Тағы бір айта кетерлігі, биыл Азия ойындарының бағдарламасынан нысана көздеу және стенд атудан командалық жарыс пен бокстан ерлер арасында ауыр салмақ дәрежелері (81 келі, 91 келі, +91 келі) алынып тасталды.
Құрлық додасы Джакарта және Палембанг қалаларында өтеді. Атлетикалық ауылдар екі қалада да орналасқан.
Атлетикалық ауылда ресми түрде Қазақстан байрағын көтеру рәсімі 16 тамыз күні Джакартада өтеді. Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан туын боксшы Әбілхан Аманқұл көтеріп шығады.