Павел Валерьевич: Осы маусымда бірнеше ауқымды жобаларды қолға алып отырмыз

Республикалық sports.kz интернет-порталына сұхбат берген «Qazsport» арнасының директоры Павел Цыбулин телеарнаның алдағы жоспарлары мен жаңа жобалары туралы сөз етті.

 

- Павел Валерьевич, «Qazsport» арнасының алдағы уақыттағы жоспарлары туралы айтып берсеңіз?

- «Qazsport» телеарнасы спорт жанкүйерлері үшін ең жақсы деген өнімдерді ұсынғысы келеді. Бірақ, әр кезде біздің ойымыздағыдай болмай қалатын сәттер де бар. Телеарнамыз ел аумағындағы қазақстандық және халықаралық спорт додаларын көрсететін негізгі арна. Осы маусымда бірнеше ауқымды жобаларды қолға алып отырмыз. Ең бастысы, UFC турнирлерін көрсету құқығын сатып алғанымызды айтқым келеді. Келісім-шарт бір жарым жылға жасалды. 2018 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында UFC-тің 14 жекпе-жегі эфирге шығады. Соның ішінде, 6 қазан күні Лас-Вегаста өтетін ирландиялық Конор МакГрегор мен ресейлік Хабиб Нурмагомедовтың арасында өтетін UFC229 кеші де  көрсетілетін болады. Ал, 2019 жылы 40-тан астам турнирдің көрсетілімі жоспарланып отыр. Жекпе-жек кештерінің негізгі көрсетілімінен бөлек, Қазақстандағы белгілі ММА мамандарының қатысуымен түрлі студиялық бағдарламалар мен атақты UFC спортшылары туралы арнайы хабарлар дайындалады. Келіссөздер бір жылға жуық уақытқа жалғасты. Ең бастысы, әріптестерімізге UFC турнирлерін ел аумағында таратып қана қоймай осы брендтің дамуына үлес қоса алатындығымызды көрсету болды. Соның нәтижесінде біздер UFC тауар белгісін өзіміздің логотиптермен қатар қоя аламыз. Аталған келісім-шарт елімізде осы спорт түрінің дамуымен қатар, қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейде дайындалуына септігін тигізетін болады сенеміз.

 

Егер қазіргі таңда UFC турнирлері аралас жекпе-жек саласындағы ең ауқымды шаралардың бірі болса, Ұлттар лигасы футбол әлеміндегі ең қызықты жарыстардың  бірегейі. Біз Ұлттар лигасындағы өзіміздің Қазақстан құрамасының ойындарымен қатар, әлемдік футбол жұлдыздары доп тебетін Гермния, Испания, Англия, Франция, т.б. секілді құрамалардың ойындарын көрсету құқығына ие болдық.

 

Көп жылдық дәстүр бойынша «Qazsport» арнасы Құрлықтық Хоккей Лигасында өнер көрсететін «Барыс» хоккей клубының, ВТБ лигасында бақ сынайтын «Астана» баскетбол клубының ойындарын көрсететін боламыз.

 

Сондай-ақ, тікелей эфирде футболдан Қазақстан Премьер-Лигасының үшінші айналымындағы ең тартысты матчтары, қазақша күрестен «Еуразия Барысы» және «Әлем Барысы» турнирлері, бокс пен дзюдодан Қазақстан чемпионаттарымен мен ММА турнирлері көрсетілетін болады.

 

- Телеарна Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының ойындарын көрсетуін жалғастыра бере ме?

 

- «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасын бірінші жыл көрсетіп жатқан жоқ. Бұл өнімді біздер 2010 жылы сатып алдық. Бұл трансляциялар әлем бойынша үздіктер қатарына кіреді. Жаңа келісім-шарт ұзақ уақыт жүрді. Келісім бойынша біздің арналарымызға көптеген жеңілдіктер алдық. Біріншісі көрсетілім бағасын сол қалпында сақтап қала алсақ, тағы бір ұтымды тұсы енді «Qazaqstan» арнасынан да көрсетілім жүретін болады. Тағы бір жақсы жаңалық, біз енді бұл турнирдің тауарларын толықтай пайдалана аламыз және бұл келісім 2021 жылдың мамыр айына дейін жалғасатын болады. Бұл бізге эфир кестесін алдын ала жасақтауға және телекөрсетілім мен жарнама көлемін ұлғайтуға септігін тигізеді. Бұл тұста ескерілетін бір нәрсе «Qazsport» арнасы біздің отандастарымыз үшін тегін көрсетілетін телеарна. Еуропа мен Америка елдерінде мұндай турнирлерді көрсететін арналар ақылы негізде жұмыс жасайтынын айта кеткен жөн.

 

 

- Испания чемпионатын өткен маусымда көрсеттіңіздер. Биыл да көрсету жоспарларыңызда барма?

- Эфирден көрсетілетін контенттер саны жыл сайын артып келеді. Осы

орайда үлкен көлемде қаражат жұмсалады. Бәріне белгілі, бұл испаниялық Ла Лига Еуропаның топ чемпионаттарының қатарына жатады. Бізге осы жолы өткен маусымнан екі есе жоғары баға ұсынды. Ал ондай қаражат төлеу үшін қазақстандық көрермендер арасында сұраныс артты ма?  Ла Лига күшейіп, қаралым саны артты ма? Жарнама берушілер саны екі есе артты ма? Ойландыратын сұрақ. Бірақ біздің жауабымыз: «жоқ». Қазіргі таңда келіссөздер жүріп жатыр. Үлкен көлемде қаржы жұмсауға дайынбыз. Ла Лига көрсетілім құқығын беретін компанияға біз басты ел емеспіз. Ол үшін Қытай, Европа, АҚШ, Оңтүстік-Батыс Азия елдері қызықтырады. Себебі ол жақта халық саны көп. Сәйкесінше көрермендер де көп. Біз олар үшін қаралым жағынан пайда әкелетін елге жатпаймыз.

 

 

-  Басқа да чемпионаттардың көрсетілімі қарастырылып жатыр ма?

-  Қандай чемпионаттарды көрсетуді жоспарлап жатқанымызды мен сізге дәл қазір айта алмаймын. Түсінесіз бе, біздің сұхбатымызды бізге сатқысы келген адамдар да оқиды ғой. Қандай да бір чемпионатты көрсету жайлы қызығушылығымды айтар болсам, онда көрсетілімнің бағасы бірнеше есе өсіп кетуі мүмкін.  Мен жанкүйерлерге сенімді түрде айта аламын, біз ең мықты деген чемпионаттарды бақылау үстіндеміз, бақылап келеміз. «Баға мен сапа» жайлы талдау жасап, жарнамалық сұранысты да бақылаймыз.

 

 

- Осы жолы сіздер Геннадий Головкин жекпе-жегінің көрсетілімі жайлы тез келісімге қол жеткіздіңіздер...

- Әдетте, келіссөздер ұзақ уақытқа созылады. Бізден олар көрсетілім үшін үлкен қаражат алғысы келеді. Жекпе-жекке бір ай қалғанда келісімге қол жеткіздік. Бұл жиі бола бермейтін жағдай. Келісімге келу оңайға соққан жоқ. Біз олармен бетпе-бет кездестік. Осы жолы да көрсетілім бағасы аз болмады. Бірақ келіссөздер барысында америкалық әріптестерімізбен ортақ келісімге келе алдық. Екі тарап та Головкин үшін спорттық мансабындағы ең ірі айқас екенін түсінді. Мүмкін соңғы кездесуі де шығар. Жалпы уақыт тез өтіп кетті. «Qazaqstan» телеарнасы бірінші болып Головкиннің үлкен кәсіпқой бокстың әлеміне шығуын қолдады. Біз отандасымыздың алғашқы жекпе-жектерін көрсеттік. Тағы да айтарым, Головкинмен бірге Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мәдиев сынды сайыпқырандарымыздың есімін таныттық. Осы боксшыларымыздың кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесулерінде «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көрермен назарына ұсынып келеді. Біз келесі маусымда да кәсіпқой бокстағы отандастарымызды да, енді мансабын бастап келе жатқан спортшыларымыздың да жекпе-жектерін көрсетуді жалғастырамыз.

 

-  Өздеріңіздің төл өнімдеріңізден нені атар едіңіз?

-  20 қыркүйекте біздің корпорацияның төл өнімі «Qazaqstan FIGHTER» жобасы тұсауын кеседі. Бұл – ерекше реалити-шоу! Мұндай жоба бұрын-соңды қазақстандық телевизияда болмаған. Біз таныла алмай жүрген жас әрі талабы жоғары спортшыларға өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік береміз. Еліміздің түкпір-түкпірінде спортта жеңіс тұғырынан көрінгісі келетін мұндай таланттар баршылық. Біз сондай жастарды қолдауға қашанда дайынбыз, әрі бұл жоба жаңа есімдерді шығаратыны сөзсіз. Кастинг және алдын ала спарринг жолымен ең мықтыларды іріктеп алдық. Жоба барысында қатысушылар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, сонымен қатар, жан-жақты тұлға ретінде де өз мүмкіндіктерін арттырады. Қазірдің өзінде қызықты жоба болатыны айқын білінеді. Мысалы, вальс билей алатын ММА мықтыларын көрдіңіз бе? Ал, «Qazaqstan FIGHTER» жобасында олар әр қырынан ашылады.

 

 

-  Сіздер қазір төл өнімдеріңізді көптеп шығарып жатырсыздар. Осы арада футболға қатысты сараптамалық хабарды күтуге негіз бар ма?

-  «Qazsport» телеарнасының өнімдері жыл санап артып келеді. Бұл тізімде футболға қатысты сараптамалық хабардың болуы керектігін жақсы түсінеміз. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, хбардың сапалы болғаны маңызды. Бұған уақыт керек. Бір айдан соң жаңарған студияның монтаж жұмыстарын аяқтаймыз. Бұл алғашқы қадам ғана. Студия толығымен тек 2019 жылы қолданысқа беріледі. Футболға арналған сараптамалық бағдарламаның кішігірім нұсқасын осы күзде шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір студиялық футболға арналған бағдарламалар жасап жатқанымызды да ұмытпау керек. Біздің стадиондарға шығатын кішігірім студиямызда маңызды матчтарға превью жасалады. Өткен Еуропа және әлем чемпионаттары барысында күн сайын  арнайы студиялық бағдарлама біздің екі телеарнада да эфирге шығып отырды. Осы арада айта кететін бір мәселе, ол – кадр тапшылығы. Жүргізушілердің емес, студия қонақтары жетіспеді. Себебі, біз футболистерге, жаттықтырушыларға немесе функционерлерге сұхбат беріңіз деп өтінсек, олардан қолдау таппадық. Жаттықтырушыларда «Егер мен қандай да бір құрама нашар ойнады дейтін болсам, әріптестерім не ойлайды?», деген сылтау шығады. Футболистер «мен мүлдем сөйлей алмаймын, не деп жауап беру керегін де білмеймін», деп ат-тондарын ала қашады. Ал, функционерлер: «бюджет көлемін ашпаймын, ойыншыларға мынау жақсы, мынау жаман ойнайды деп баға бере алмаймын. Сосын маған «неге менің спортшыларымды сынайсың», деген сұрақ қойылады», дегенді алға тартады.

 

Клуб басшылығына тікелей шығар болсақ та, шамамен осындай қарым-қатынасты көреміз. Бұл жерде олардың кемшілігін айтып отырған жоқпын. Бірақ, адамдардың көпшілігі біржақты сынауға құштар. Ал, бағдарламаға келіп футбол немесе өзге де спорт түрлері туралы өз ойларын білдіруге келісетіндер өте аз. Тіпті, осы сұхбаттан кейін спорт әлеміндегі әріптестерім мені де сынауы мүмкін. Бірақ, егер сіздер бізге келіп сұхбат беруге келіссеңіздер, біз қашанда құшақ жая қарсы аламыз. Мұндай қарым-қатынас уақыт өте түзеліп, бағдарламаға шақырса келіп, өз пікірін білдірудің қаншалықты маңызды екенін түсінер деген ойдамын.

 

 

- «Қазақстан» корпорациясы Джакартада өткен Азия ойындарына қатысты өзінің пікірін білдіргенімен спорт жанкүйерлері әлі де сұрақтар қою үстінде. Азия ойындарын көрші Өзбекстан мемлекеті көрсетіп, Қазақстанның көрсете алмауына не себеп болды?

- Біріншіден, Қазақстан мен Өзбекстанға берілетін ТВ көрсетілімдер

бағасы екі түрлі. Бізге оны ең кем дегенде он есеге қымбат сатады. Ал, бұл жерде әңгіме миллиондаған доллар көлемінде болғандықтан келісе салу оңай емес. Шынымды айтайын, көрсетілім құқығына ие компаниямен кездесу барысында олар маған: «Сіздер не қалап едіңіздер? Өздеріңіз Азия ойындарын, Универсиада, ЭКСПО өткізген мемлекетсіздер. Олимпиада ойындарына үміткер болғыларыңыз келеді, үздік отыз мемлекет қатарына кіруге талпынып отырсыздар. Сондықтан да, сіздерге көрсетілім құны осындай!» , - деп айтқан болатын. Екіншіден, биылғы жылғы Азия ойындарының көрсетілімі бұрынғымен салыстырғанда 4 есеге көтерілген. Ал біздің елімізде көрермендер саны, спортқа деген қызығушылық, жоғары деңгейдегі спортшылар саны осыншалықты көбейді ме?

 

Көрсетілім құқығы туралы келіссөздер 2017 жылдан бері жалғасты. Бірақ біздер салық төлеуші халықтың ақшасын мұндай көлемде жұмсай алмаймыз. Және де осы Азия ойындарын көрсетуге көптеген көршілес мемлекеттер де қарсылық танытты. Себебі, бағасы тым қымбат. Біз қазір бір рет «кері шегініп» сатушының айтқанына көнсек, онда Токио 2020 Олимпиадасының бағасын 8 есе қымбатқа сұрайтын болады.

 

Соған қарамастан, біздер Азиада ойындарынан жанкүйерлерімізге жаңалықтардың бәрін уақытында беруге тырыстық. Күн сайын екі тілде «Азиада күнделігі» бағдарламасы шығып тұрды. Жарыс аяқталған соң арнайы репортаждар мен аналитикалық бағдарламалар эфирге шықты.

 

Дегенмен, нағыз спорт жанкүйерлері мен арнамыздың тұрақты көрермендері байқаған болар. Біздер өз есебімізден Индонезияға тілшілер тобын жіберіп, сапалы сюжеттер жасауға тырыстық.

 

 

Бұл жерде мәселе кімнің «Отанды сүйіп» барлығы тыныш болсын деп, көрсетілім бағасын қымбатқа сатып алуында емес. Бұл жерде дәл сол халықтың ақшасын желге шашпай, орынмен пайдалана білу маңызды. Сондықтан, жанкүйерлердің бізді түсініп, қолдауларын өтінеміз.

 

Танымал жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар

Қазақстан құрамасы футболдан Әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімінде J тобына жайғасты
Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионы атанды
«Астана» «Челсиге» есе жіберді
Қазақстандық ауыр атлет Әлем чемпионы атанды
Ел мерейін асқақтатқан спортшылар
Қазақстандық қыздар Азия чемпионатында бес алтын еншіледі
Қазақстан құрамасынан 14 спортшы Азия чемпионатының финалына шықты
Шавкат Рахмонов мансабындағы 19-жеңісіне қол жеткізді
Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрри көз түйістірді
Бокстан Азия чемпионаты «Qazsport» телеарнасына қатысы жоқ себептерге байланысты көрсетілмейтін болды
КФФ президенттігіне үміткерлердің есімдері белгілі болды
Бокс: Алуа Балқыбекова сырқатына байланысты жарысқа қатыса алмайды
Бейбарыс Жексен өзбекстандық боксшыдан басым түсті
Бокс: Оразбек Асылқұлов қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді
Азия чемпионаты: Дулат Бекбауов ширек финалда
Шаңғы жарысы: Финляндиядағы Әлем Кубогына қатысатын ел құрамасы жасақталды
Руслан Құрбанов семсерлесуден Әлем кубогында қола медаль жеңіп алды
Қазақстандық шахматшылар Әлем чемпионатында топ жарды
Түркістанда қазақ күресінен Әлем кубогы аяқталды
Қазақстандық балуандар Оңтүстік Кореяда өткен турнирде алты жүлдеге ие болды