6-кезең. Тукуман - Сальта
Аргентинада «Дакар-2014» жарысы жалғасуда. Қазақстандық «Astana Motorsports» командасы кезең сайын нәтижелерін жақсартып келеді. 6-шы кезең бойынша Денис Березовский мен Артур Ардавиус жалпы есептегі орындарын сақтап қалды. Олар 40-шы және 25-ші сатыда тұр. Ал Айдын Рахымбаевтың үздік ондыққа енуге мүмкіндігі жоғары. Ол 13 орында келеді.
Денис Березовский пен Игнат Фальков экипажы үшін бұл кезең қиын болды. Ал Артур Ардавичус мінген көліктің қарқыны жаман емес. Ол тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Бұл кезеңде мәре сызығын 21-ші болып кесті.
«Бүгінгі жол біздің көңілімізден шықпады. Бізге ұзақ жол ұнайды. «Astana Motorsports» командасының басты міндеті – «Дакар» жарысын басынан бастап, соңына дейін өтіп шығу. Ұйымдастырушылар жарысқа қатысушылардың марафонды аяқтамауы үшін барлық кедергіні жасайды», - дейді «Дакар-2012» раллиінің қола жүлдегері Артур Ардавичус.
Бір жыл бойы дайындалған көліктердің жартысы жарыс жолынан шығып қалған. Бүгін - «Дакар-2014» қатысушылары үшін демалыс күні. Ал ертең спортшылар қайта жолға шығады.