Алматыда Халықаралық деңгейдегі алғашқы веложарыс - «Tour of Almaty» өтуде
«Tour of Almaty» - Халықаралық велошабандоздар одағының (UCI) қолдауымен Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған веложарыс. Байрақты бәсекеге Европа, Азия және Американың жетекші командалары қатысады. Турдың жалпы жүлде қоры - 39900 евро. Ал жарыстың жеңімпазы - 15000 евроға ие болады. «Tour of Almaty» - бір күндік топтық жарыс. Бір айналымның ұзындығы - 31 шақырым. Барлық велошабандоздар 6 айналымнан тұратын 186 шақырым жолды бағындырады. Жеңіске 20 команда таласады. Оның ішінде 3 кәсіпқой құрлықтық команда, 12 құрлықтық команда, 3 ұлттық команда, 1 аймақтық команда және 1 клуб.
Әлемнің 16 елі тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыстың қатысушылары болмақ. Қазақстан бірден үш команданы жарысқа қосты. Олар - ұлттық құрама, «Astana» құрлықтық командасы және «Vino 4-ever» клубы. Алғашқы «Tour of Almaty» веложарысын «KAZsport» және «Алматы» телеарналары көрсетеді. Жарыстың шешуші кезеңін «Евроспорт» телеарнасынан тамашалауға болады.
Бұл бәсекені «велоспорт дауысы», «Евроспорт» комментаторы, ресейлік Сергей Кудрюков жүргізеді. Ертең, 6 қазан күні Алматы көшелеріндегі қазақ велоспорты тарихындағы байрақты бәсеке «Нұрлы Тау» бизнес орталығында басталады. Таныстыру рәсімі Астана уақытымен 8:45-те. Ал велошабандоздар сағат 10:00-де жарыс жолына шығады.