Велоспорттан Қарағандыда өтетін Азия чемпионатында 300-ге жуық спортшы бақ сынайды
Веложарыс Қарағандыда 27 мамырдан 1 маусымға дейін өтеді. Қарағанды облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша оған Азияның 28 елінің 300-ге жуық велошабандозы қатысады.
Бүгінде чемпионатты өткізу бойынша шаралар жоспары келісілді, жарыс бағыты бекітілді. Кестеге сәйкес, 27 мамыр күні кешке «Қарағанды-Арена» мұз сарайының алаңында командаларды таныстыру рәсімі мен шоу-бағдарлама өтеді.
Жарыстарды өткізу кезінде мұз сарайының маңына палатка қалашығы тұрғызылады. Мұнда медициналық және техникалық қызмет орналастырылады, сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін ақпараттық пункт жабдықталады. Жарыс бағыты бойынша көлік жолы 5 күнге жабылады.
28 мамырда жеке жарыста жасөспірімдер мен әйелдер, 29 мамырда ерлер сайысқа түседі. 30-31 мамырда топтық жарыс өтіп, чемпионаттың соңғы күні - 1 маусымда ерлер 210 шақырымға жарысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
inform.kz