Халықаралық велосипедшілер одағы «Алматы туры» веложарысына қолдау көрсетеді
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Брайан Куксонмен кездесті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің сайтында хабарланды.
Жүздесу барысында Алматыдағы велоспорттың дамуы туралы талқыланды. Әкім шаһардағы велоспедшілердің саны жылдан-жылға артып келе жатқанын, қазіргі таңда олардың саны 90 мыңды құрағанын атап өтті.
«Өткен жылдың қазанында қалада тұңғыш «Алматы туры» кәсіби веложарысы ұйымдастырылған болатын. Біз бұл игі дәстүрді биыл да жалғастырайын деп отырмыз. Биылғы доданың ұйымдастырылу дәрежесі биік болмақ. Осындай шаралар арқылы қаладағы велоспорттың даму базасының негізін қалайтын боламыз», - деді қала басшысы.
Өз кезегінде Брайан Куксон «Астана» велокомандасын әлемде танымайтын адам кемде-кем екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, «Алматы туры» веложарысына қолдау көрсететінін жеткізді.