Велосипед тебу - денсаулық кепілі
Бүгін Алматыда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Александр Винокуров пен «Джиро д’Италия-2014» көпкүндігінің қола жүлдегері Фабио Арудың қатысуымен дәстүрлі велошеру өтті.
Велошеру «Алматы-2022» Олимпиада ойындарын өткізуге берілген өтінішті қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Дәл қазір Алматыда «Vino» атты отандық велосипедтің тұсаукесері өтуде. Су жаңа «Vino» маркалы велосипед - дарабоз велосипедші Александр Винокуровтың құрметіне шығарылған.
«Pro Team Astana» командасының бас менеджері Александр Винокуров пен «Джиро д'Италия» бәйгесінің жеңімпазы Фабио Ару қатысқан велошеруге 2000-нан аса велошабандоз қатысты.
Шараға қатысушылар «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешеніндегі сөреден Орталық стадионындағы мәреге дейін 40 шақырымдық жолды оңай еңсерді. Велошеруге мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін халықаралық бәйгелерде топ жарған паралимпиадашылар да белсене қатысты.
Александр Винокуров, «Pro Team Astana» командасының бас менеджері:
Қысқы Олимпиаданы өткізуге тапсырыс беру - мемлекетіміздің маңызды қадамдарының бірі. Жолдамаға үміткерлердің қатарындағы басты қарсыласымыз - Бейжің қаласы. Қандай жағдайда да Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті еліміздің әлеуетін және айтулы доданы өткізуге дайындығымызды ескеретін болады. 2022 жылғы Қысқы Олимпиада бізге бұйырады, деп үміттенемін.
Александр Винокуровтай танымал спортшы шыққан Алматы қаласында велосипед спорты жақсы жолға қойылған. Дәстүрлі қалалық велошеруге қатысуға ынта білдірген жастардың қатары да көбейіп келеді.
Топтан озған шабандоздар мен ерекше велосипед мінгендер үшін спорт дүкеніне арналған 100 мың теңгелік сертификаттар мен қаладағы жаттығу залдарына тегін жолдама берілді.
Роман Доронин, қала тұрғыны:
Велошерудің жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спортқа еліктіруде пайдасы зор. Егер біздің қаламыз 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізу мәртебесіне ие болатын болса бұл қазақстанның ортақ жеңісі болмақ. Бастысы, еліміздегі спорт түрлерінің дамуына әсер етеді.
Бүгінгі күннің басты жаңалықтарының бірі - «Vino» брендімен шыққан жаңа велосипедтің тұсаукесері болды. Жаңа марканың қауіпсіздігі әлемдік стандарттарға сай жасалған. Әлемдік велододаларға қатысуға лицензиясы бар.
Түнгі сағат 10 шамасында салмағы жеңіл, сапасы жоғары велосипедтердің аукционы өтеді. Ұзақ шақырымдық жарысқа арналған велосипед бағамы 2500, қалалық велосипед 1500 АҚШ доллары көлемінде болмақ.