«Қайсар керуен» қайырымдылық бұқаралық веложарысы өтеді
Астанада Қала күнін мерекелеу аясында «Қайсар Керуен» ашық бұқаралық веложарысы өтеді. Аталмыш қайырымдылық шарасы 2014 жылы 29 маусым «Салтанат сарайы» алдындағы алаңда ұйымдастырылады. Веложарысқа кез келген Астана тұрғыны мен қонағы қатыса алады.
Тіркелу кезінде әр қатысушыға лотерея билетінің нөмірі ретінде ұтысқа қатысатын тіркелу нөмірі беріледі. Сәтті нөмір сәйкес келген велошабандоздарға 20 жаңа велосипед тарту етілмек. Аукцион мен веложарыстан түскен қаржы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамыту мақсатында «Қайсар» астаналық спорт клубының тәлімгерлеріне беріледі.
Веложарыс барысындағы қайырымдылық шарасына Серік Сәпиев, Илья Ильин, Бақтияр Артаев, Ермахан Ибрайымов, Юрий Мельниченко сынды Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен меценаттар, отандық эстрада жұлдыздары келеді. Сонымен бірге «Астана» велокомандасының атынан бағалы лотты аукцион ұйымдастырылады.
Веложарыстың барлық бағдарында алғашқы медициналық көмек көрсету және қан қысымын өлшеуге арналған нүктелер қарастырылады. «Салтанат сарайы» алдындағы алаңда минералды су беру нүктесі орналасады.
Әр астаналық тіркелу арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттың дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік алады.
astanaday.kz