«Катюша» кәсіби клубы «Алматы Туры 2014» веложарысына қатысады
Ресейдің «Катюша» кәсіби велокомандасы халықаралық біркүндік «Алматы Туры 2014» жарысына қатысатынын растады, деп мәлімдеді жарыс ұйымдастырушыларының бірі, «Қазақстанның спорттық технологиялары» компаниясының бас директоры Арнур Ибраев.
«Катюша» командасының басшыларымен бірнеше аптадан бері келіссөздер жүргіздік. Бүгін команданың бас менеджері, танымал велоспортшы, үш дүркін Олимпиада чемпионы Вячеслав Екимовтың өзінен жарысқа қатысамыз деген жауап алдық. «Алматы Турында» команда сапына шақырылатын спортшылардың есімдері әлі белгісіз.
Бұған дейін алғашқы жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне жоғарғы бағасын берген Халықаралық велосипедшілер одағы «Алматы Турының» санатын 1.1. көрсеткішіне дейін көтерген болатын. Яғни, биылдан бастап жарысқа жоғарғы дивизионда сынға түсетін командалардың қатысуына да рұқсат етілді.
«Катюша» «Алматы Турына» шақырту алған Әлемдік турда өнер көрсететін жалғыз команда емес. Бүгінгі күні басқа да танымал командалардың өкілдерімен келіссөздер жүріп жатыр, - деді Арнур Ибраев.
Кәсіби велокомандалармен қатар келіссөздер кәсіби құрлықтық командалармен де жалғасуда. Польша, Италия, Ресей, АҚШ, Украина, Франция, Дания, Австрия, БАӘ мен Қазақстандық ұжымдар жарысқа келетіндіктерін растады.
Олардың арасында «Rusvelo», «CCC Polsat Olsat Polkowice», «Team la Pomme Marseille 13», «Sky Dive Dubai Pro Cycling Team» сынды командалар бар.
Естеріңізге салайық, халықаралық деңгейдегі біркүндік жарыс «Алматы Туры 2014» Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстандық велоспорт федерациясының және «Қазақстандық спорттық технологиялар» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылуда. 186 шақырымға созылатын веложарыс 2014 жылдың 5 қазанында өтеді.