Бурабайда Александр Винокуров пен Винченцо Нибали қатысқан қайырымдылық аукционынан 87 миллион теңге жиналды (ФОТО)
Бүгін Бурабайда Rixos Borovoe қонақ үйі, «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры бірлесе отырып, қайырымдылық аукционын өткізді.
Бұл шараның мақсаты – Көкшетау қаласындағы облыстық перинаталды орталықтың балалар жансақтау бөлімін кеңейтуге қажетті қаржы жинау.
Қайырымдылық аукционын қолдауға «AstanaProTeam» велокомандасының мүшелері – Микеле Скарпони, Якоб Фульсанг, Дмитрий Груздев, Максим Иглинский, команда менеджері, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров және «Тур де Франс – 2014» жеңімпазы, команда капитаны Винченцо Нибали қатысты.
Өткен жылғы осындай қайырымдылық аукционының нәтижесінде 11, 5 миллион теңге жиналған. Соның арқасында облыстық перинаталды орталығы шала туған балаларды күтуге қажетті жабдық алған. Осылайша «Аяла» қорының «Тыныс ал, балақай» атты республикалық науқанына қолдау көрсетіліп, 70-тен аса бала күтім алды.
Осы жылы да аукционнан 12 миллион теңгеден аса қаржы жиналу көзделген. Жиналған қауым үшін сатылымға Галина Воскобоева, Ярослава Шведова, Михаил Кукушкин, Рафаэль Надальдың қолтаңбасы бар теннис ракеткалары, Якоб Фульсангтың көзілдірігі, Александр Винокуровтың «Vino» велосипеді және Винченцо Нибалидің «Тур де Франс» веложарысында киген майкасы мен мінген велосипеді және басқа арнайы лоттар қойылды.
Аукцион кезінде, Рафаэль Надальдың ракеткасы 6 миллион теңгеге, Александр Винокуровтың велосипеді 9 миллион теңгеге, ал Винченцо Нибалидің велосипеді рекордты 51 миллион теңгеге сатылды. Сатылым қорытындысы бойыша барлығы 87 миллион теңге жиналды. Қайырымдылық аукционын түскен бұл қаражаттың барлығы Көкшетау қаласындағы облыстық перинаталды орталыққа беріледі.