«Astana Pro Team» шабандозы допингпен ұсталды
«Astana Pro Team» командасында сынақ мерзімінен өтіп жүрген 22 жастағы Илья Давиденок допинг-тест нәтижесі бойынша рұқсат етілмеген препарат қолданғаны үшін жарыстардан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды sk-sport.kz.
Ол 28 тамызда Францияда өткен «Тур де л’Авенир» көпкүндігінің таудағы кезеңінде жеңімпаз атанған болатын. Сайыстан кейін жүргізілген тексерістен кейін, қазақстандық спортшының допингпен ұсталғаны мәлім болды.
Еске сала кетейік, Илья Давиденок шоссе жарысында Қазақстан чемпионы, Цинхай көлі Турының жеңімпазы деген атақтары бар. Жуырда андерлер арасында өткен Әлем чемпионатында ол үздік ондық қатарына енген болатын.
Ережеге сәйкес, шабандоз допинг нәтижесін қайта қарап, «В» сынамасын байқап көруге мүмкіндігі бар.
Бұл допингке қатысты соңғы екі айда қазақстандық велоспортта орын алып тұрған үшінші оқиға. Бұған дейін допинг қолданғаны үшін ағайынды Максим және Валентин Иглинскийлар жарыстан шеттетілген болатын.