Шосседегі веложарыс бойынша Қазақстан чемпионатында Алматы облысының спортшылары үздік атанды
Шымкентте шосседегі веложарыс бойынша төрт күндік қысқы чемпионат аяқталды. Чемпионатқа Қазақстанның 13 аймағынан 106 спортшы қатысқан. Олар жекелей, командалық және топтық сайыстарда сынға түскен. Сонымен қатар, Ерлан Пернебековтің құрметіне критериум жарысы ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысының спортшылары 8 медальға, оның ішінде 3 «алтынға» қол жеткізді. Екінші орында – Алматы қаласының құрамасы. Ал, қысқы чемпионатта үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының велошабандоздары иеленді, деп хабарлайды Қазақстанның Велоспорт федерациясының баспасөз қызметі.
Алматы облысының құрамасы 40 шақырымдық жарыста Қазақстан чемпионы атанды. Оның құрамында Григорий Штейн, Сергей Лущенко, Сергей Кузьмин және Дмитрий Риве болды.
Сонымен қатар, Григорий Штейн Ерлан Пернебековтің құрметіне өткізілген критериум жарысында жеңіске жетті. Қыздар арасында бұл сында СҚО өкілі Наталья Сайфутдинова үздік атанды.
Фото: astanafans.com