Дзюдодан Қазақстан чемпионаты Өскеменде өтеді
Қарашаның 15-і мен 20-ы аралығында дзюдодан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты Өскеменде өтеді. Жаңадан бой көтерген заманауи спорт кешенінде өтетін ел біріншілігіне қатысу үшін 650-ге жуық дзюдошы өтініш білдірген.
Ел біріншілігіне қатысатын әр команда дзюдошыларының саны 2012 жылғы Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша анықталмақ.
Нақты айтсақ, өткен жылы Талдықорғанда өткен ел біріншілігінде 1-6 орын алған командалар өз аймақтарындағы чемпионаттарда жүлдеге іліккен палуандарының барлығын қатыстыра алады.
7-10 орыннан көрінген командалар әр салмақта үш палуаннан, 11-14 орынды иемденген командаларға екі палуаннан қатыстыруға рұқсат беріледі. Ал өткен жылғы ел чемпионатында 15-16 орындардан көрінген екі команданың Өскемендегі ел біріншілігіне әр салмақ дәрежесінде тек бір ғана дзюдошыдан қатыстыруларына мүмкіндіктері бар.