Грек рим күресі. Палуандар Семейге жиналды
Семейде Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Болат Тұрлыхановтың мемориалы, грек рим күресінен Қазақстан Республикасының кубогы жолындағы жарыс өтіп жатыр.
Бұл сында еліміздің барлық аймағынан келген палуандар бақ сынасуда. Ұлттық құраманың палуандары босатылған сында өз шеберліктерін паш ету үшін жастарға мол мүмкіндік берілген. Сол оңтайлы сәтті уысынан шығармағандардың бірі, 55 келіде белдесіп кубок иегері атанған Мейрамбек Айнақұлов. Жеткіншектер арасында әлем чемпионы атанған өскелеңнің бұл ересектер арасындағы алғашқы бәсекесі. Соған қарамастан кіл мықтылардан басым түсті. Алдымен кілем иесі тәжірибелі Мәди Жарболовты сан соқтырса артынша жастар арасында әлем чемпионы Артур Үмбетқалиевтан басым түскен. Ал финалда Алмас Әуешовты жеңіп кетті. Сол сияқты 66 келіде Жәнібек Қандыбаев бірінші орын алды. Жартылай финалда ел чемпионы Асхат Жаңбыровтан айласын асырып, шешуші белдесуде Ибрагим Магомедовтан мықты екендігін байқатты. 84 келілік салмақта Саят Сарманбеков кубок иегері атанды. Жартылай финалда басты қарсыласы Алхозор Оздиевты ұтқан Саят ақтық сында Мақсат Байарыстановты қапы қалдырды. Ал аса ауыр салмақта Еркін Шәйкеновке тең келер ешкім болмады.
Бүгін екінші күннің белдесулері өтіп, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.