Қазақ күресі. Жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті
Қазақ күресінен жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында ел біріншілігі аяқталды. «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған бозкілем бәсекесіне еліміздің барлық аймағынан 80-ге тарта балуан қатысып, 5 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздарды анықтады. 2005 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келген турнир биыл да аса жоғары деңгейде өтті. Жарыстың негізгі мақсаты салауатты өмір салты мен төл күресімізді насихаттау, жастардың патриоттық сезімін ояту. Тартысты өткен бәсекелер қоытындысында 60 келіде шығыс қазақстандық Айдос Сейпұлұлы қарсылас шақ келтірмесе, 70 келіде Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Бақытжан Барбанов жеңіске жетті. 80 келі салмақ дәрежесінде бас жүлде алматылық Амангелді Төлемісовке бұйырса, 90 келіде Қызылорда облысының балуаны Нұрым Сәлімгереев топ жарды. Ал,аса ауыр салмақта Астаналық Айбат Сейтен чемпион атанды. Финалда ол жамбылдық Айдос Теңгебаевтан басымдық танытты. Сондай-ақ, түйе балуандар бәсекесі ұйымдастырылып, оның қорытындысында шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов жеңіске жетіп, бас бәйгеге тігілген жеңіл автокөлікті иеленді. Өзге де жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты сыйақылар табыс етілді.