«Еуразия барысы» мәресіне жетті
Қазақ күресінен Тараз төрінде өткен «Еуразия барысы» додасы аяқталды. Бұл бәсекеде қазақ палуандарына тең келер ешкім болмады. Олар алдымен Иран палуандарын ұтса, екінші кезеңде Тәжікстан палуандарының жауырынын жерге тигізді. Ақтық сында Моңғолия палуандарынан басым түсті.
Бұл турнирде ел намысын қорғап, бозкілемге шыққан палуандар – Абзал Арыстанбеков (60 келі), Ерлан Естек (70 келі), Ерсін Мұхамеджанов (80 келі), Мұхит Тұрсынов (90 келі) және Бейбіт Ыстыбаев (100 келі).
Бас жүлдеге тігілген 50 мың АҚШ долларын – Қазақстан құрамасы еншіледі. Екінші орын мен 20 мың АҚШ доллары – Моңғолия палуандарына берілді. Ал үштікті Ресей құрамасы қорытындылады. Оларға 10 мың АҚШ доллары көлемінде сияпат берілді.