Айбек Нұғымаров: Қазақ күресін әлем мойындай бастады
Айбек Нұғымаров 2013 жылы қатысқан жарыстардың барлығында жеңістің биік шыңынан көрінді. Алдымен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы турнир мен ел чемпионатында жеңіске жетті. Кейін «Қазақстан барысы» мен Минскіде өткен Әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді.
«Мамыр айында Шымкент қаласында қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Гран-приге қатысамын. Бұл дәстүрлі турнир. Дегенмен биыл Гран-при деңгейінде ұйымдастырылмақ. Бозкілемде белдесуге бірнеше мемлекеттердің палуандары келеді», - дейді Айбек Нұғымаров.
Сонымен қатар, «түйе палуанның» жоспарында қазақ күресінен ел чемпионаты, Азия чемпионаты мен Әлем чемпионаты, «Қазақстан барысы» мен «Еуразия барысы» додаларына қатысу бар. Бұл маусымның тағы бір ерекшелігі – қазақ күресінен «Әлем барысы» ұйымдастырылмақ.
Айбек Нұғымаров: «Қазақ күресінің дәрежесі соңғы 3-4 жылда биікке көтерілді. Ұлттық спортты әлем мойындай бастады. Әсіресе, Моңғолия, Қытай, Иран және Ресей палуандарының деңгейі жоғары. Олар дзюдо, самбо және еркін күрестің қыр-сырларын меңгерген. Сондықтан осал қарсылас жоқ».
Біздің анықтама:
Айбек Нұғымаров 1987 жылы 3-маусымда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Құндызды ауылында дүниеге келген. Қазақ күресінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Дзюдо және самбо күресінен спорт шебері.
Жетістіктері:
Қазақ күресінен екі дүркін ел чемпионы (2008, 2010).
Қазақ күресінен Азия чемпионы (2008).
Қазақ күресінен Әлем Кубогының иегері (2011).
Самбодан ел чемпионы (2012).
Дзюдодан ел чемпионы (2012).
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы турнирдің жеңімпазы(2013).
«Қазақстан барысы-2013» жеңімпазы.
Қазақ күресінен Әлем чемпионы (2013).