Бес палуанымыз қазақ күресінен әлем чемпионы атанды
Беларусь астанасы Минск қаласында өткен қазақ күресінен әлем чемпионатында біздің палуандар бес алтын жүлдеге ие болды.
Қазақ күресінен төртінші рет өткен әлем біріншілігінде бес салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынған болатын. 28 елдің палуандары қатысқан әлем біріншілігінде еліміздің он палуаны бақ сынады.
60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Абзал Арыстанбеков қырғыз палуаны Санжар Османалиевтен басым түсіп, Қазақстан қоржынына алтын жүлде салды.
Армениялық Армен Назарянды жыққан Ерлан Естек (70 келі), 80 келіде грузиндік Бесарион Берулавуді жеңген Ерсін Мұхамеджанов чемпион атанды.
90 келі салмақ дәрежесінде кілемге қос қазақстандық палуан шықты. Алпамыс Түкеевтен айласын асырған Мұхит Тұрсынов алтыннан алқа тақты.
«Қазақстан Барысы» атағының иегері Айбек Нұғымаров ақтық сында кілем қожайыны, беларус палуаны Евгений Бедулиннен басым түсіп, бесінші алтын жүлдені жеңіп алды.
Бұдан басқа белдесулерде Амангелді Сатыпалдинов (60 келі), Ерасыл Сәкенұлы (70 келіге дейін), Әділжан Ыстыбаев (80 келіге дейін) жулделі орындар алып, қоржынымызға бір күміс, үш қола медаль салды.
Естеріңізге сала кетейік, осымен төртінші рет өтіп отырған қазақша күрестен әлем чемпионатына елімізден екі құрама команда қатысты. Бес палуан Қазақ күресі федерациясынан, тағы бес палуанымыз Дүниежүзілік қазақша күрес федерациясы атынан барды.
фото:kazakhstanbarysy.kz
Vesti.kz