Ақтөбеде Жақсыбай Есентеміровті еске алуға арналған күрестен облыстық турнир өтті
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Жақсыбай Есентеміровті еске алуға арналған облыстық турнир өтті, деп хабарлайды Қазақ радиосының меншікті тілшісі Мейрамгүл Рахатқызы.
Еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы бұл турнир биыл 18-інші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған облыстың 7 ауданынан және Ақтөбе қаласының 3 спорт мектебінен келген 171 жас палуан қатысты.
Айта кетейік, кіші сержант, миномет командирі Жақсыбай Есентеміров Ауғанстанда әскери операцияларға қатысып, жаудың үш оқ ату нүктесін жойған. Қаза болғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.
«Турнир мақсаты — жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру», - дейді Әйтеке би аудандық білім бөлімінің басшысы Алтай Бекенов.