Еркін күрес. Олимпиаданың екі дүркін чемпионы қазақ палуандарын жаттықтырады
Еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрамасына кеңесші келді. Бұдан былай әйгілі палуан Сергей Белоглазов ел құрамасында бапкер-кеңесші қызметін атқармақ.
Отандық федерация мен бапкерлер кеңесінің шешімі бойынша, аталған маманды бас құрамаға кеңесші-бапкер етіп шақыру мәселесі қолдау тапты.
Атап өтейік, Сергей Белоглазов Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы (1980, 1988), әлемнің алты дүркін чемпионы және Еуропа мен КСРО чемпионаттарында бірнеше рет жеңіске жеткен.
Сонымен қатар, Сергей Алексеевич бапкерлік қызметте де үлкен тәжірибеге ие. Даңқты спортшы КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алған. Талай жыл бойы «Динамо» спорттық қоғамында, КСРО құрамасының бапкерлер кеңесінде Дмитрий Миндиашвили және Иван Ярыгин сынды әйгілі мамандармен жұмыс істеді.
1990 – 1994 жылдары АҚШ Олимпиадалық құрамасында аға жаттықтырушы болып қызмет етті.
1994-1998 жылдары Сергей Белоглазов Жапония құрамасының бас бапкері атанған.
1998 жылы маман өз еліне оралып, еркін күрестен Ресей құрамасында бапкерлік қызмет атқарды. Белоглазов бапкер атанған тұста, Ресей құрамасы Сиднейдегі Олимпиада ойындарында, Әлем және Еуропа чемпионаттарында сәтті өнер көрсетті.
2003 жылдан бастап ол қайтадан АҚШ құрамасын жаттықтырды. 2006-2009 жылдары Ресей әйелдер құрамасының бас бапкері болған. Ал, 2009 жылы Сингапур ұлттық құрамасын баптауға шақырту алған.
Ол Ұлттық құрама жігіттерінің техникалық-тактикалық шеберлігін арттырып, еркін күресті дамытуға үлкен үлес қоспақ, деп жазады Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы.