Гауһар Тұрмаханова самбодан Әлем чемпионы атанды
Жапонияның Нарита қаласында өтіп жатқан самбодан ересектер арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Гауһар Тұрмаханова Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлде салды.
52 келі салмақта сынға түскен 22 жастағы жерлесіміз финалда ресейлік Анна Харитонованы ұтты. Ол финалдық жекпе-жекке дейін Румыния, Украина және Франциядан келген спортшыларды жеңген. Бұл салмақта үшінші орын жапониялық Михару Курокиға бұйырды.
Сонымен қатар, әйелдер арасында Ділдәш Құрышбаева (68 келі) күміс медаль иеленді. Ал, ерлер арасында қазақстандық Есет Қуанов (62 келі), Асылбек Әлкей (74 келі), Олег Удод (57 келі), Аңсаған Құсайынов (74 келі), Еділ Үсенов (+100 келі), Руслан Аушев (+100 келі) қола жүлдеге ие болды. Ал, Алмас Сүлейменов (52 келі) пен Арман Оспанов (68 келі) Әлем чемпионы атанды.