Еркін күрестен жылдың ең үздік палуаны - Расул Қалиев
Сonfederation.kz порталы отандық БАҚ өкілдері мен мамандар арасында еркін күрестен 2014 жылдың үздік палуанын анықтау мақсатында сауалнама ұйымдастырды.
Палуандар арасында ең көп ұпайды Расул Қалиев жинады. Расында, бұл маусым Расул үшін өте сәтті аяқталды деп айта аламыз. Ирандағы «Тахти кубогы» халықаралық турнирінде Руслан Өмірәлиевтің шәкірті күміс жүлдегер атанды. Өз жерімізде өткен Азия чемпионатында топ жарып, жанкүйерлерге жалғыз алтынды сыйлаған да Расул.
Ал Инчхондағы ХVІІ Жазғы Азия ойындарына жеңіске басты үміткер ретінде аттанған ол финалға дейін жетіп, Солтүстік Корея өкілі Хак Джин Жонгқа ғана есе жіберді. Финалдық бәсекенің аса тартысты өткеніне күмән жоқ. Алайда, Инчхон кілемінде Қалиевке төрешілер мен жанкүйерлер де қарсы тұрған еді. Алайда, біздің палуан соңына дейін беріспей, 6:8 есебімен ұтылды. Құрлықтың ең басты бәсекесінен күміс олжалау да керемет көрсеткіш!