Ұланбатырда еркін және әйелдер күресінен «Mongolia Open-2015» халықаралық турнирі аяқталды
Екі күнге созылған турнирде палуандарымыз екі алтын, бір күміс және үш қола жүлде ұтып алды.
Ерлер арасындағы бәсекеде 74 келіде сынға түскен отандасымыз Болат Сакаев финалдық белдесуде Доржваанчигийн Гомбодорждан жеңіліп, күміс медальдің иегері атанды.
Ал, әйелдер арасындағы бәсекеде 48 келідегі Азия чемпионы Татьяна Аманжол мен 69 келіде өнер көрсететін Эльмира Сыздықова финалда қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, турнирдің чемпионы атанды.
Сондай-ақ, 58 келідегі Айым Әділдина, 63 келідегі Екатерина Ларионова және 75 келідегі Гүлмарал Еркебаева халықаралық турнирдің қола жүлдесін қанағат тұтты.
Айта кетейік, турнирді ұйымдастырушылар жеңімпаз палуанға 1000, күміс жүлдегерге 800, ал қола жүлдегерге 500 АҚШ долларын табыстады.