Самбо. «А.Харлампиев мемориалы» Әлем кубогында Қазақстан құрамасы 13 медаль иеленді
Мәскеуде өткен турнирге әлемнің 35 елінен таңдаулы спортшылар қатысып, 27 салмақ дәрежесі бойынша (9-ы әскери самбодан және тоғыз-тоғыздан ерлер мен әйелдер арасында) жүлделерді сарапқа салды.
Әскери самбодан Батыс Қазақстан облысының спортшысы Қазбек Сұпығалиев 57 келі салмақта «алтын» иеленсе, БҚО Ішкі істер департаментінің қызметкері Темірлан Ихсанғалиев (74 кг) қола жүлдені еншіледі.
Ерлер арасында тағы бір полиция қызметкері, самбодан Әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров (57 кг) күміс жүлдені қанжығасына байласа, Нұрбол Серіков (68 кг) үшінші орынға көтерілді.
Әйелдер арасында Алмагүл Орынғалиева (56 кг) финалда ресейлік Анастасия Валоваға ғана есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, Қазақстаннан барған басқа да самбошылар жүлделі орындардан көрінді. Әсіресе, Бейімбет Қанжанов ерлер арасында 52 келі салмақта алтын медаль алса, Есет Қуанов (62 кг), Асылбек Әлкей (74 кг) күміс медаль еншіледі.
Әскери самбодан Асылхан Рақымжанов (52 кг), Рүстембек Жиреншиев (82 кг) қола жүлдені иеленді. Әйелдер арасында Әлия Жылқыбаева (80 кг) күміс, Ділдаш Күрішбаева (68 кг) мен Зере Бектасқызы (72 кг) қола медальді жеңіп алды.
Командалық есепте әскери самбодан және ерлер мен әйелдер арасында да Қазақстан құрамасы үшінші орынға табан тіреді.
Фото: sambo-fias.org