Демеу Жадыраев, Жасұлан Қошанов пен Марғұлан Әсембеков грек-рим күресінен қола медаль иеленді
Катарда (Доха) аяқталған күрес түрлерінен Азия чемпионатының соңғы жарыс күнінде қазақстандық грек-рим стилінің палуандары үш қола медаль иеленді. 66 келі салмақ дәрежесінде күрескен Демеу Жадыраев алғашқы айналымда жапониялық Такеши Ицуми ұтса, жартылай финалда ирандық Мохаммадали Абдолхамид Гераиға жол берді. Қола жүлде үшін болған кездесуде өзбекстандық Асрор Мухитдиновті 10:1 есебімен жеңді.
Жасұлан Қошанов (80 келі) іріктеу кезеңінде жапониялық Масато Суми, ал ширек финалда қырғыз Данияр Қобоновтан басым түскен. Алайда, жартылай финалда жерлесіміз қытайлық Айша Айшанға есе жіберген. Осылайша қола медаль үшін болған кездесуде Жасұлан үнділік Нарсингх Панды ұтқан.
98 келі салмақта сынға түскен тағы бір палуанымыз Марғұлан Әсембеков ширек финалда Иордания елінің палуаны Яхья Абатаби жеңіп, бірақ жартылай финалда ирандық Махди Алиярифейзабадиден өте алмады. Ал, қола медаль үшін күресте Марғұлан қырғыз Бексұлтан Махмұдовтан басым түсті.
Осылайша Қазақстанның грек-рим күресінен құрамасы Азия чемпионатында жалпыкомандалық екінші орын алды. Бірінші орынды Иран, ал үшінші орынды Қытай иеленді.