Астанада аралас жекпе-жектен «Көшпелілер шайқасы-5» турнирі өтеді
Елордада шілде айында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған аралас жекпе-жектен «Көшпелілер шайқасы-5» турнирі өтеді, деп хабарлады ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Аралас жекпе-жек федерациясының құрметті президенті Ерлан Қарин.
«Өздеріңіз білесіздер, біздің елімізде осыдан бірнеше жыл бұрын аралас жекпе-жек өнерінің федерациясы ашылған. Осы жылдар ішінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның ең бастысы - 2013 жылы аралас жекпе-жек өнері, яғни, ММА біздің елімізде ресми спорттың бір түрі ретінде мойындалды. Сол уақыттан бері ресми түрде жарыстар, турнирлер ұйымдастырылып келе жатыр. Жақында ММА бойынша үшінші республикалық чемпионат өтті. Сонымен қатар біздің федерация кәсіпқой аралас жекпе-жек өнерін дамыту үшін тиісті шараларды қолға алуда», - деді ол.
Сонымен қатар ол федерация тарапынан таяуда ұйымдастырылатын шаралардың бірқатарына тоқталды. «Ең басты шаралардың бірі - шілде айында Астанада өткізу жоспарланып отырған ММА бойынша «Көшпелілер шайқасының» бесінші турнирі. Турнир шілде айының үшінші жұлдызында өтеді. Турнирге ТМД кеңістігіндегі, халықаралық деңгейдегі белгілі спортшылар қатысады. Ең бастысы, біз бұл турнирді биыл еліміздегі ең айтулы даталардың бірі - Қазақ хандығының 550 жылдығына арнамақпыз. Яғни, осы турнирді аталмыш датаға арнау арқылы біздер еліміздің тарихын, өнерін, мәдениетін халықаралық деңгейде кеңірек танытуға үлесімізді қосқымыз келеді», - деді Е.Қарин.