Никита Азаров дзюдодан жастар арасындағы Әлем чемпионатында қола медаль иеленді
БАӘ-нің астанасы Әбу-Дабиде дзюдодан жастар арасында Әлем чемпионаты аяқталды.
Жарысқа 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық Никита Азаров қола медаль иегері атанды.
Жерлесімізге жеңіске жетуі оңайға түспеді. Ол алғашқы кездесуінде тәжікстандық Теймур Рахимовты ұтса, екінші айналымда франциялық дзюдошыдан басым түсті.
Алайда, үшінші кездесуінде ресейлік Ильяс Ниязовқа жол беріп, жұбаныш кездесу өткізуге мүмкіндік алды. Оның нәтижесі бойынша Никита черногориялық Динило Пантиканы жеңіп, үшінші орынға таласты.
Қола медаль үшін болған күресте спортшымыз ресейлік дзюдошы Олег Абаевты айқын басымдықпен жеңді. Ал, финалда бразилиялық Леонардо Гонсалвесті ұтқан ресейлік Ильяс Ниязов Әлем чемпионы атанды.
Осылайша, Әбу-Дабиде өткен дзюдодан жастар арасындағы Әлем чемпионатында Қазақстан Ұлттық құрамасы екі медаль иеленді. Айта кетейік, осыған дейін 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мағжан Шәмшәдин Әлем чемпионы атанған еді.