Астанада дзюдодан өткен Әлем чемпионатын тамашалаған телекөрермендердің саны рекордтік деңгейге жеткен
Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, «Қазақстан» РТРК» АҚ-на табысты ынтымақтастық және «Қазақстан» мен «Kazsport» телеарналарының қол жеткізген жоғары көрсеткіштер үшін ресми хатын жолдап, алғысын білдірді.
Қазақстан дзюдо тарихындағы жаңа рекордқа қомақты үлес қосты. 2015 жылдың 24-30 тамызы аралығында Астанада өткен Әлем чемпионатын теледидардан тамашалаған телекөрермендер саны бұрын-соңды болмаған 193 миллионды құраған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы Ресейдің Челябинск қаласында өткен әлемдік додамен салыстырғанда 72 пайызға жоғары.
Ал әлемдік көрсетілімдер мен турнир туралы жаңалықтар шығарылымының жалпы көлемі 1 мың сағаттан асады. Дүниежүзі бойынша Астанада әлемнің әр аймағына 3 миллиардқа жуық көрсетілім ұйымдастырылды. 2014 жылғы Әлем чемпионатымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 147 пайызға жақсарған.
Еске сала кетсек, Астанада өткен Әлем чемпионатын Қазақстан Республикасының аумағында эксклюзивті көрсету құқығы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының еншісінде болды.
Чемпионатты «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Kazsport» телеарнасының шығармашылық тобы тікелей эфирінде толығымен көрсетті. Сонымен қатар, арнайы студия ұйымдастырып, бәсеке туралы мамандар мен спортшылардың ойын эксклюзив түрінде көрермен талқысына салып отырды.
Жұмсалған қаржы мен атқарған еңбек ақталып, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы дзюдо көрсетілімдерінің рейтингі 6,5 көрсеткішке жеткен.
«Қазақстан» мен «Kazsport» телеарналары әлемдік деңгейдегі ауқымды спорт шараларын ақпараттық сүйемелдеуін және тікелей трансляциясын ұйымдастыруға тырысады.
Мысалы, «Kazsport» жоспарында 2016 жылы Астанада өтетін әйелдер арасында бокстан Әлем чемпионаты, 2017 жылы Алматыда өтетін Бүкіләлемдік қысқы Универсиада және т.б бар.
«Қазақстан» және «Kazsport» телеарналарымен бірге ең үздік әлем деңгейіндегі спорт шараларын тамашаланыздар!