Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцецег Дюссельдорфтегі «Grand Prix» жарысында күміс иеленді
Германияның Дюссельдорф қаласында дзюдодан өтіп жатқан «Grand Prix» жарысының алғашқы күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды.
Елдос Сметов өз тобында литвалық Андрей Клоковты, Моңғолия өкілі Цогтбаатар Цендочирді, ресейлік Беслан Мудрановты жеңіп, жартылай финалда түркия балуаны Бекер Озлудан басым түсті. Ал, финалда Елдос 60 келі салмақ дәрежесінде әлем рейтингісінің көшбасшысы Оңтүстік Корея дзюдошысы Ким Вон Джимен кездесті. Белдесу нәтижесінде Елдос есе жіберіп, күміс жүлде иеленді.
Қыздар арасында 48 келіде сынға түскен Галбадрах Отгонцецег алдымен тунистік Саоди Олфаны, одан кейін алаң иесі Менз Катринаны және өзінің басты қарсыласы есептелетін моңғолиялық Мунхбат Уранцегцегті жеңді. Финалға жолдама алу үшін кубалық Местре Альварес Даяристен басым түсті. Финалда 2015 жылы Астанада өткен Әлем біріншілігінің алғашқы кездесуінде-ақ жеңілген, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Оңтүстік Корея дзюдошысы Джеонг Бо Кеонгпен тағы жолықты. Белдесу нәтижесі бойынша спортшымыз қосымша уақытта қарсыласына бір ескертумен жол беріп, күмісті місе тұтты.
Айта кетейік, жарысқа Қазақстан Ұлттық командасының бірінші құрамы қатысып жатыр. Алайда, Максим Раков жарақатына байланысты байрақты бәсекеден шет қалды.
Жалпы турнирге 86 елдің 546 спортшысы қатысуда. Жарыс нәтижесі бойынша 1-ші орын алған дзюдошы 300, 2-ші орын иегері 180, қолаға қол жеткізген палуан 120 ұпайға ие болады. Сонымен қатар, 5-ші орынға тұрақтаған спортшы 60, ал 7-ші орын иеленген палуан да шет қалмай, 48 ұпай алады. Осының арқасында спортшылардың әлем рейтингіндегі орындары өзгеретіні сөзсіз.