Айбек Нұғымаров қазақ күресінен тұңғыш төрт дүркін әлем чемпионы атанды
Көрші Қытай елінің Іле қазақ автономиялы облысында өткен белдесу бәсекесі аяқталды.
60 және 70 келі салмақта ағайынды Ғұсман және Ғұмар Қырғызбаевтар топ жарып, әлем чемпионы атанды. 80 келінің финалында қазақстандық Дәулет Фахридинов эстониялық қарсыласынан ұпай санымен басым түсіп, алтын медальды мойнына тақты. 90 келіге дейінгі салмақта Айбол Айтбек жеңіске жетті. Финалда ол өзбекстандық Шухриджан Арслановтан айласын асырды.
Ауыр салмақта Айбек Нұғымаров қарсыластарын түгел ұтып, қазақ күресінен шыққан тұңғыш төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Шығысқазақстандық балуан финалда грузин Левани Матиашвилидің осал тұсын тапты.
Енді дүниежүізілік қазақ күресі қауымдастығы жетінші әлем біріншілігін келер жылы тамыз айында Астана EXPO халықаралық көрмесі аясында елордада өткізуді жоспарлап отыр.