Нұрбақыт Теңізбаев ресми түрде Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді
Нұрбақыт Теңізбаевқа ресми түрде Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі берілді. Бұл туралы unitedworldwrestling.org халықаралық сайтында жарияланды.
Осыдан біраз күн бұрын «грек-рим күресі бойынша қазақстандық палуан Нұрбақыт Теңізбаевқа 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі берілуі мүмкін», деп барлық ақпарат құралдары сүйіншілеп жазды.
Алайда, спортшының өзі бұл мәселеге байланысты:
«Құрметті достар! Бейжің Олимпиадасы мен үшін спорттық мансабымның шыңы болды. Әрбір спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы немесе жүлдегері болғысы келетіні анық. Спортта ұзақ уақыт жүріп, ешқашан жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүргенді қолдамайтынмын және қолдамаймын да. Қандай медаль болсын, оны кілем үстінде жеңіп алғанды қолдаймын. Дәл сол күні мені Әзірбайжан палуаны Виталий Рагимов ұтқан болатын, Виталийді талантты да мықты балуан ретінде танимын. Сол күні үшінші орын иелену менің маңдайыма жазылған болар, маған өзімнің ұтқан қола медалым аса қымбат. Күміс Виталийге және оның жанұясына тиесілі. Ол медальдың артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Күміс сол еңбектің жемісі деп ойлаймын! Сіздердің жылы лебіз және қолдауларыңызға үлкен алғыс айтамын», - деп мәлімдеген болатын.
Бірақ, Теңізбаевтың қарсыласы Виталий допинг қолданғаны үшін медалінен айырылып, есесіне ХОК оның жүлдесін Олимпиадада үшінші орын алған қазақстандық палуанның еншісіне жазды.
inform.kz