Қазақстан - «Еуразия Барысы» xалықаралық турнирінің үш дүркін жеңімпазы
1 желтоқсан - Тұңғыш Президент мерекесі күніне орай «Алматы Арена» сарайында өткен «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды.
Бұл - Қазақстанның турнирдегі үшінші жеңісі.
Қазақстандық палуандар алғашқы белдесулерінде Польша командасымен кездесіп, оларды 7:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Грузия палуандарын 6:2 есебімен тізе бүктіріп, финалға шықты. Ақтық сында Ұлттық құрамамыздың ежелгі қарсыласы Моңғолия командасымен белдесті. Бұл жолы да отандастарымыз 6:2 есебімен Моңғолия палуандарынан мықты болып шықты.
Осы бәсекеде ел намысын 55 келіде - Марат Нығыматұллаев, 60 келіде - Ержан Мағауинов, 66 келіде - Бақдәулет Сәбитов, 74 келіде - Aйдос Ғалымов, 82 келіде - Дәулет Пахриддинов, 90 келіде - Айбол Айтбек, 100 келіде - Мұхит Тұрсынов, + 100 келіде Айбек Нұғымаров ел намысын қорғады.
Естеріңізге сала кетсек, «Еуразия Барысы» халықаралық турнирін тікелей эфирде көрсеткен «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «Kazsport» телеарнасы.