Қазақ күресінен «Еуразия барысы» Әлем кубогын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді
16 желтоқсан күні «Алматы арена» стадионында қазақ күресінен «Еуразия Барысы» әлем Кубогы өтеді. Биыл «Еуразия Барысына» Бразилия, Жапония және Камерун елдері тұңғыш рет қатысады. Ал, бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрінген Моңғолия мен Грузия командаларының қазақ күресінен тәжірибелері мол. Сонымен қатар, жарыста Өзбекстан, Түркия және Қазақстанның қос командасы бақ сынайды.
Қазақстан намысын қорғайтын балуандар: Айбек Нұғымаров, Дауылбай Оспан, Қуаныш Ысқақов, Бақдәулет Сәбитов, Айдос Ғалымов, Ерсұлтан Мұзаппаров, Бекзат Ахметбеков, Асыл Бәрменов, Ерлан Естек. Сондай-ақ, Дәулет Ниетбай, Ержан Мағауинов, Қасымхан Төленбай, Аманкелді Төлемісов, Сахан Әбдіқасым, Саят Шамшиев, Виктор Демьяненко, Руслан Әбдіразақов, Ғани Келдіқұлов.
Бұған дейін халықаралық турнир ретінде өткен жарыс бесінші рет жалауын желбіретпек. Үш жыл Тараз қаласында ұйымдастырылған «Еуразия Барысы» биыл екінші рет оңтүстік астанада өткізіледі. Жыл сайын жарысқа Грузия, Моңғолия, Ресей, Польша, Түркия, Қырғызстан, тағы басқа көптеген елдің білекті балуандары бақ сынап келеді. Соның ішінде Қазақстан құрамасы аталған командалық жарыста үш рет топ жарды, тек 2014 жылы ғана Моңғолия құрамасы қарсылас шақ келтірмеді.
Айта кетейік, «Еуразия Барысы» әлем Кубогы – командалық сайыс. Әр командада сегіз балуаннан күреседі. Спортшылар 55, 60, 66, 74 , 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежесі бойынша мықтыны анықтайды.
Жарысты «Qazaqstan» ҰТА сағат 13:00-де ал, «Qazsport» телеарнасы 12:45-те тікелей эфирде көрсетеді.