Ертең Қазақстан – Франция матчы
Ертең футболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы Әлем чемпионаты-2015 іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчын Франция құрамасына қарсы өткізеді. Заманауи әйелдер футболы арасында француздардың беделі жоғары. Осындай дәрежесіне қарамастан, команданың бапкері Филипп Бержеру матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Қазақстан құрамасына құрметпен қарайтынын әрі ертең күрделі ойын күтіп тұрғанын» жеткізді. «Қазақ тарапына жылы қарсы алғаны үшін алғысымды білдіремін. Ертең тамаша ойын көреміз деп үміттенемін. Біздің команда бұл ойынға жақсы дайындықпен келді», - дейді ол. «Әрі қазақстандық команданың былтыр Швейцария құрамасын жеңгенінен де хабарымыз бар. Біз команданың матчтарын да көрдік. Қазақстан құрамасының қорғанысы жақсы. Бізге гол соғу оңайға түспейтіні анық. Қазақстан құрамасының дамуы күннен күнге қарқын алып келеді. Бұл команданың жаңа деңгейге көтерілетінін білдіреді», - дейді бапкер.