«Бавария» өзінің қаржылық рекордын жаңартты
Немістің «Бавария» клубының маусымдағы қаржылық қорытындысы мюнхендіктер тарихындағы бұрын-соңды болмаған көрсеткішке ие болды.
Bild хабарлауынша, ұжымның қаржылық айналымы алғаш рет 400 миллион евродан аспақ. «Баварияның» бас директоры Карл-Хайнц Румменигге жуырда ресми түрде бұл мәліметті жариялайтындығын мәлімдеді.
Тарихта алғаш рет қаржылық айналымымыз 400 миллион евродан асты және бұл жөнінде жариялауға дайынбыз, - деді Румменигге. - Чемпиондар Лигасындағы жеңіс біздің клубқа теңдесіз күш берді. «Бавария» аса танымал болды.
Германия чемпиондары тек қана мерчендайзингте 85 миллион евро пайда тапқан.
Мюнхендіктердің бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіші өткен маусымда болған еді. Сол уақытта олардың жылдық айналымы 332,2 миллион евроны құрады.
Чемпиондар Лигасының финалындағы «Баварияның» қарсыласы дортмундтық «Боруссия» да клубтың қаржылық рекордын жаңартқанын хабарлады. 61,5 миллион евроны құраған таза пайда -дортмундтықтар тарихындағы ең үздік нәтиже болды.