Футбол. Қазақстан құрамасы Фарер аралдары құрамасымен кездеседі
Алдағы жұма күні 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының іріктеу додасының кезекті матчтары өтеді. Алғаш біздің футболшылар Фарер аралдарының футболшыларымен, сосын 15-ші қазанда Ирландия құрамасымен ойнайды.
Құрама футболшылары әдеттегідей жаттығу жиынын Талғардағы базасында өткізуде. Чех маманы Мирослав Беранектен шақырту алған 23 ойыншы осында дайындықтарын тағы бір пысықтап, журналистер үшін ашық жаттығу өткізді. Құрама сапында азды-кем өзгерістер де бар. Германияда доп тебетін Гейнрих Шмидтгаль мен Константин Энгель құрама қосынына ойын алдында бір-ақ қосылады. Мақсат Байжанов құжат мәселесімен жаттығуға қатыспаса, Алексей Щеткин жарақатына байланысты көрінбеді. Құрамаға астаналық қорғаушы Елдос Ахметов алғаш қосылып отыр. Аздаған жарақаты бар Хижниченко, Карпович, Нұрдаулетов, Гурман, Логвиненко және Финонченколар да топқа қосылмай өздері жаттығу жасады.
Бас бапкер алдағы қос ойында жылдам да ұтқыр шабуылға иек артамыз, сонда ғана жеңіске жетуге мүмкіндігіміз болады дейді. Иә, кез келген командамен терезесі тең ойнауға болады. Ол үшін ұжымдық ойынға ерекше мән беру керек. Фарер футболшыларының шама-шарқын өткенде ғана бағамдаған болатынбыз. Енді Ирландиямен именбей ойнаса, екі ойында кем дегенде 4 ұпай еншілеуге мүмкіндік бар. Ендеше, іске сәт!