«KAZsport» маусымның соңғы матчын тікелей эфирде көрсетеді.
Жексенбі, 10 қараша күні 16:30-да «Астана-Арена» стадионында футболдан Қазақстан Кубогының финалы өтеді. Ақтық сында қарағандылық «Шахтер» мен «Тараз» кездеседі.
«Шахтер» алғашқы айналымда шымкенттік «БИІК»-тен басым түсе, келесі кезеңде алматылық «Қайратты» ұтты. Ширек финалда «Астанадан» айласын асырды. Ал жартылай финалда павлодарлық «Ертісті» жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.
«Тараз» алғашқы екі айналымда петропавлдық «Қызылжар» мен теміртаулық «Болаттан» басым түсті. Ширек финалда оралдық «Ақжайықты» айқын ұтып, жартылай финалда «Ақтөбені» жеңді.
Финалға дейін «Тараз» өз қақпасына бірде-бір гол жібермеді. Ал «Шахтер» командасының капитаны Андрей Финонченко Кубок ойындарының ең үздік сұрмергені саналады. Оның еншісінде 21 гол бар.
Айта кетейік, финалдық ойынды павлодарлық Игорь Алешин жетекшілік етеін төрешілер тобы басқарады. Бұл матчта алғаш рет төрешінің екі көмекшісі қақпаның артқы жағынан ойынды бақылайтын болады.
Бұл ойында жанкүйерлер арасында екі автокөлік ойнатылады. Матч аяқталғаннан кейін, биылғы маусымның жабылу рәсімі болады. Кубок иегерлерін ерекше қошеметпен марапаттамақ.
Біздің анықтама:
«Шахтер» футбол клубы 1958 жылы құрылған. 2011 және 2012 жылғы Қазақстан чемпионы. Сонымен қатар 1995, 2007 және 2009 жылдары қола жүлдеге қол жеткізген. Қазақстан Кубогының финалында 2009 және 2010 жылдары ойнады. 2013 жылғы Суперкубок иегері. Команданы ресейлік маман Виктор Кумыков жаттықтырады.
«Тараз» футболы клубы 1960 жылы құрылған. 1996 жылы Қазақстан чемпионы атанып, 1995 және 1997 жылдары күміс жүлде иеленді. 2004 жылғы Қазақстан Кубогының иегері. Сонымен қатар 1992 және 1993 жылдары Қазақстан Кубогының ақтық сынында ойнады. Команданың бас бапкері – голландиялық Арно Пайперс.