Германия жасөспірімдер құрамасының бұрынғы ойыншысы Сирияда қаза тапты
Бурак Каран - Германияның айтулы клубтарында доп тепкен.
Бұрынғы неміс футболшысы, тегі түрік Бурак Каран өз кезінде белгілі футболшылар Сами Хедира және Кевин-Принс Боатенгпен бірге доп тепкен. Ол Сирияда бүлікшілер жағында үкімет әскеріне қарсы соғысып, қаза тапты.
Футбол карьерасын өте жақсы бастаған Каран айтулы «Гамбург», «Байер» және «Герта»командаларының жастар құрамында ойнады. Кейін Ахен қаласының «Алемания» командасына ауысты. Алайда 2008 жылдың 1-ші шілдесінде 20 жастағы ойыншы карьерасын кенет аяқтады. Осы уақытқа дейін неліктен футболмен қош айтысқаны белгісіз болып келді.
Bild басылымының айтуынша Каран радикалды исламшылдардың ықпалында болған. Бұл ортамен байланысын немістің арнайы қызметі бақылып отырған. Оның ағасы Мұстафаның сөзінше, Каран Сирияға жеті ай бұрын кеткен. Ол ағасына гуманитарлық жүкті таратумен айналысатынын айтыпты.
Алайда ақпарат көздері оны Башар Асадқа қарсы соғысқан қарулы жасақтың құрамында болды дейді. Басылым мәліметінше, 11 қазанда бұрынғы футболшы үкімет әскері жасаған әуе соққысынан қаза тапқан.