Еуропа Лигасы: Пушкаш сыйлығының иегері Қазақстанға келеді
Бейсенбі, 28 қарашада футболдан Еуропа Лигасы топтық кезеңінің бесінші тур ойындары өтеді. «L» тобында өнер көрсететін «Шахтер» Грекияның «ПАОК», ал голландиялық «АЗ Алкмаар» Израильдің «Маккаби Хайфа» командасын қабылдайды.
«Астана-Арена» стадионында өтетін ойында «ПАОК» ойыншыларының тізімі белгілі болды. Олар - Гликос, Якумис, Лино, Цавелас, Кацикас, Кацуранис, Скондрас, Кициу, Лазар, Дзиолис, Нинис, Георгиадис, Олисе, Лукас, Стох, Вукич, Салпингидис, Атанасиадис, Нецид.
Олардың ішінде өткен маусымда ең таңдаулы голды соғып, 2013 жылдың 7 қаңтарында Ференц Пушкаш сыйлығын иеленген словак Мирослав Стохты атап өтуге болады. Ол бұл байқауда бразилиялық жас жұлдыз Неймар мен атақты колумбиялық футболшы Радамель Фалькаоның алдын орап кетті. Алайда, ол бұл голын 2012 жылы түріктің «Генчлербирлиги» сапында ойнап жүргенде соққан.
УЕФА бұл ойынға төреші болуды бельгиялық қазы Серж Гумиениге сеніп тапсырды. Оған отандастары Франк Блейен және Кристоф Меерс көмектеспек. Олардың қызметін швейцариялық Сирил Циммерман бақылайды. Ал УЕФА бақылаушысы армениялық - Артур Азарян.
Естеріңзге сала кетейік, қыркүйек айында Салоники қаласында өткен ойында «Шахтер» «ПАОК»-тан 1:2 есебімен ұтылды. Сол ойында «Шахтер» сапынан Рохер Каньяс пенальтиден есеп ашқанымен, кейін Стефанос Атанасиадис пен Звоними Вукич гол соқты.
Айта кетейік, «L» тобында «АЗ Алкмаар» мен «ПАОК» бірінші және екінші орынды бөлісіп тұр. Олардың қоржындарында 8 ұпайдан бар. Ал 2 ұпайдан жинаған «Маккаби Хайфа» мен «Шахтер» үшінші және төртінші сатыға жайғасқан.