«Арсенал Ледис» қыздарының мерейі үстем болды
Алматының Орталық садионында әйгілі «Арсенал» футболшылары «Қайрат» командасымен ойнады. Бұл әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасының 1/16 финалы болатын.
Өз елінің 12 дүркін чемпионы атанған Арсенал –Ледис футболшылары - Еуропаның ең беделді клубтарының бірі. Алматылық қыздар алғашқы таймның ортасына дейін сауатты қорғана білді. Содан кейін Джордан Ноббс, Эмма Митчелл бастаған ағылшындықтар барлауды қойып, Оксана Железняк қорғаған қақпаның кілтін табуға асықты. Сол белседілік ойынның 32-ші минутында жемісін берді. Қақпа алдындағы қарбаласты тиімді пайдаланған Ким Литтл есеп ашты.Осыдан кейін қонақтар шабуылы сәл саябырсығандай болды. Алайды тайм соңында біздің қақпашы қос бірдей допты өз қақпасынан алып шығуға мәжбүр болды. Алдымен Даниэль Картер, одан соң Джордан Ноббс бір-бірден гол соғып есепті 0:3-ге жеткізді.Үзілістен соң да ағылшын қыздарының шабуылдары қауіпке толы болды. Әсіресе екінші таймда ойынға қосылған Джемма Девисонды тұсау біздің қорғаушыларға қиынға соқты. Алдымен Кэти Чапман есепті 0:4-ке жеткізсе, Рэйчел Янки 5-ші голдың авторы атанды. 5 гол соғып масайраған қонақтар ойынның 62-ші минутында Ольга Анисковцевадан көз жазып қалды. Бірақ біздің футболшылардың одан әріге шамалары жетпеді. Есесіне ойын соңына қарай тағы екі гол соққан қонақтар есепті 1:7-ге жеткізді.
Қарымта ойын бір аптадан соң ағылшын жерінде өтеді.