Қазақстан жастар құрамасы 1:2 есебімен Беларусьқа есе жіберді
2015 жылғы Европа чемпинатының іріктеу кезеңінің кезекті ойынында Қазақстанның жастар құрамасы Алматыда Беларусь футболшыларын қабылдады.
Минскіде 11 маусымда өткен алғашқы ойында біздің футболшылар 1-0 есебімен жеңіске жетіп, маңызды 3 ұпайға қол жеткізген болатын. Ал бұл жолы ойын тіпті керісінше өрбіді. 1-2 есебімен жеңіске жеткен қонақтар қарымта қайырып кетті. Біздің футболшылар ойынды ширақ бастады. Алаң ортасында өнер көрсеткен Бауыржан Исламхан қос қанаттағы әріптестерін доппен қамтамасыз етіп отырды. Алайда алғаш болып гол соғу бақыты Беларусь футболшыларына бұйырды. Антон Шрамченкодан пас алған Павел Савицкий Стас Покатиловты сан соқтырды. Алаң қожайындары араға 20 минут салып есепті теңестірді. Қорғаушылар қателігін ұтымды пайдаланған Бауыржан Исламхан қақпашымен жеке-дара шығып, болған мүмкіндікті мүлт жібермеді. Стадионға жиналған жанкүйерлер қуанышы ұзаққа бармады. Стандартты жағдайды тиімді пайдаланған қонақтар қайта алға шықты. Гол авторы - Максим Володько. Екінші таймда біздің футболшылар есепті теңестіруге қанша тырысқандарымен, қонақтар қақпасының кілтін таба алмады. Абзал Бейсебековтің екі мәрте гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірде қақпашы тосқауыл болса, енді бірде доп қақпа бағанынан кейін серпілді. Осылайша Белорусь футболшылары Алматыдан маңызды үш ұпайды еншілеп кетті.
Осы жеңілістен кейін қазақстандықтар өз тобының соңғы сатысына сырғыды. Ал топ басында Исландия футболшылары келеді.