11 матч қатарынан қақпасына гол жібермеді
Франция чемпионатының 16-турында «Лилль» өз алаңында «Марсель» командасынан басым түсті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды - Нолан Ру соқты. Ал алаң иелерінің қақпашысы Винсент Эньяма ішкі біріншілікте 11 матч қатарынан қақпасын голдан аман алып қалды.
Бұл ойыннан кейін Эньяма өткен жылғы «ПСЖ» қақпашысы көрсеткен Сальваторе Сиригудің нәтижесінен асып түсті. Сиригу өткен маусымда 948 минут бойы гол жібермесе, нигериялық қақпашы 1040 минутқа жеткізді. Бұл көрсеткіш бойынша Гатан Юар бірінші орында тұр. Ол 1992/1993 жылдары 1176 минут бойы шабуылшыларға гол соғуға мүмкіндік бермеген.
31-жастағы Эньяманың қақпасына «Сошо», «Эвиан», «Лион», «Аяччо», «Монпелье», «Нант», «Монако», «Генгам», «Тулуза», «Валансьен» және «Марсель» командалары гол соға алмады. Енді «Лилль» келесі ойынын сырт алаңда «Бордо командасымен өткізеді.