Астана-2014. УЕФА конгресiнде тарихи шешiм қабылданды
Астанада өтіп жатқан УЕФА конгресiнде тарихи шешiм қабылданды. УЕФА-ға мүше барлық 54 қауымдастық 2018 жылдан бастап Ұлттар Лигасы турнирiн өткiзiп тұру жөнiндегi шешiмдi бiрауыздан мақұлдады, деп хабарлайды inform.kz.
Конгресте «Ерлер құрама командалары арасында 2018-2022 жылдары А категориялы турнирлердi өткiзу туралы» қарар қабылданды. Қарарға сәйкес, бұл турнир ұлттық құрамалардың деңгейi мен мәртебесiн арттырып, жолдастық кездесулердi түбегейлi алмастырады.
«Жаңа турнирдi өткiзуге қолдау көрсеткен УЕФА-ға мүше қауымдастықтардың бұл шешiмiн қабылдаймыз және үлкен сыйластықпен қараймыз», - дедi УЕФА комитетiнiң басшысы Вольфганг Нирсбах. «Бұл жаңашылдыққа жанкүйерлер де оң көзқарас танытады деп сенемiн».
УЕФА-ның Ұлттар Лигасы турнирi Еуропа чемпионатымен тығыз байланыста болады. Яғни турнир Еуропа бiрiншiлiгiне өтудiң қосымша мүмкiндiгi болмақ. Әзірге, турнирдiң нақты форматы әлi анықталған жоқ. Дегенмен, екі жылда бір рет өтеді деп жоспарланған.