«Реал» шабуылшысы Facebook желісінде де алда
«Реал» шабуылшысы Криштиану Роналду мен «Барселона» үздігі Лионель Мессидің бәсекелестігі алаң жиегінен шығып, әлеуметтік желілерде жалғасуда.
Дүниежүзінің футбол фанаттары қос футболшыға өз дауыстарын белсенді түрде беріп жатыр. Бірақ бұл тұста португалдық футболшы «лайк» жинау жағынан оқ бойы озық тұр.
Independent басылымының хабарлауынша, Роналду Facebook әлеуметтік желісінде «лайк» жинаудан көш бастап тұр. «Алтын доп» иегері 80 млн «лайк» жинаған.
Месси 56 млн «лайкпен» өзінің басты бәсекелесінен айтарлықтай қалып қойды. Үшінші орынға Мессиден екі есе аз «лайк» жинаған бразилиялық Кака жайғасты.
Үздік ондықтың ішінде аталған футболшылардан басқа Андрес Иньеста, Уэйн Руни, Месут Озил, Неймар, Икер Касильяс, Давид Вилья және Роналдиньо бар.
Естеріңізге сала кетейік, Роналду биыл «Алтын доп» иесі атанды. Сонымен қатар, Чемпиондар лигасында Мессиден екі гол артық салып, 16 голмен көш бастады.
Месси «Барселона» клубының басшылығынан жаңа келісім-шарт талап етіп, өзінің әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшы атанғысы келетінін айтты.
Forbes статистикасы бойынша, Криштину Роналду өткен жылы 73 млн. евро табыс тауып әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшы деп танылды. Мессидің табысы 65 млн. евро құрап, ол тағы да екінші сатыда қалып қойды.
.