«KAZsport» телеарнасы
Қазақстанда ашылған тұңғыш мемлекеттік спорт телеарнасының эфирге шығып, спорттық трансляция тарата бастағанына 1 жыл толды. Осы қысқа уақыт ішінде телеарна спортсүйер қауымға ел аумағындағы жарыстарды ғана емес, әлемдік дүбірлі додалар көрсетілімін тікелей эфирде ұсынды.
Атап айтсақ, Қазанда өткен Жазғы Универсиада, теннистен әлемнің хас шеберлері жиналатын «Australian Open», «Roland Garros» турнирлері, дзюдодан өткен әлемдік Гран-при турнирлері соның айқын дәлелі.
Дүниежүзінің былғары қолғап шеберлері жиналған Алматыда өткен Әлем чемпионатын толық нұсқада көрген көрермендер біздің боксшылардың жеңістеріне куә болды. Кәсіпқой бокста Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген Геннадий Головкиннің жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетілді.
Футбол жанкүйерлері Қазақстан Премьер-лига ойындарын, қазақстандық клубтардың УЕФА Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы аясында өткізген ойындарын тікелей эфирде тамашалады.
Спортсүйер қауымның назарына жеңіл атлетикадан, ауыр атлетикадан өткен халықаралық жарыстар және ел чемпионаттарынан көрсетілімдер ұсынылды.
Ұлттық спортты дәріптеу мақсатында «KAZsport» телеарнасы қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» сияқты айтулы додаларды тікелей эфирде көрсетті. Әр аптада көкпардан Қазақстан біріншілігінің көрсетілімдері де көрермен назарында болды.
Биылғы Сочи Олимпиадасының спорттық ареналарынан тікелей және жазбаша нұсқада трансляцияларды, WSB аясында «Астана арландары» клубының 2014 жылғы маусымын көрермендер «KAZsport» арнасында көрді.
Биылғы жылдың тағы бір дүбірлі додасы – Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының көрсетіліміне тыңғылықты дайындықтар жүргізілуде. Чемпионатқа барып, қызмет көрсететін түсірілім тобы жасақталды. Әлем чемпионатын «KAZsport» телеарнасы көрермендер назарына тікелей эфирде ұсынбақ.
Сол сияқты, «KAZsport» телеарнасы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы көремендерді спорт әлемінің жаңалықтарымен, анонстармен әркез уақтылы хабардар етіп отырады.
Осынау бір жыл ішінде тікелей эфирде жүргізілген спорттық көрсетілімдер кем-кетіксіз болды десек жаңсақ болары анық. Техникалық ақаулардан эфирді жалғастыруға мүмкіндік болмай қалған кездерде көрермендердің жаңадан қаз-қаз басқан телеарнаның шығармашылық тобына түсіністікпен қарағанына дән ризамыз.
Дегенмен, еліміздегі жалғыз спорт телеарнасына ұсыныс-пікірлеріңіз болса, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымыз арқылы, kazsporttv.kz сайты арқылы да білдіре аласыздар.
Жеңіске бірге жетейік!