Қазақстан – Латвия матчында лайнсмен жарақат алды
Қазақстан – Латвия матчының бірінші таймының ортасына қарай қапталдағы словакиялық төреші басын ұстап, жерде құлады. Жанкүйерлер де, футболшылар да не болғанын түсінбей, тұрып қалды.
Қазақстан құрамасының сырт алаңда жаттығу жасап жатқан ойыншысы не болғанын бірден түсіндірді. Қапталдағы төреші сырт алаңда жаттығу жасап жүрген қосалқы құрамдағы ойыншыны байқамай, тез жүгіріп бара жатқанда соқтығысқан.
Ойын бірден тоқтатылып, қазақстандық дәрігерлер словакиялық төрешіге көмек көрсетті.
Айта кетейік, Қазақстан – Латвия ойынына Иван Кружляк бастаған словакиялық бригада төрелік етті. Оған қапталдан Роман Слышко мен Ондржех Бренджа көмектесті. Қосымша көмекші ретінде Рихард Трутц пен Владимир Внук, ал резервтегі төреші болып Томаш Сомолани белгіленген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Еуро-2016 турнирінің топтық кезеңі аясында өткен Қазақстан – Латвия кездесуі 0:0 есебімен аяқталды.